Бүгінгі күн – ел тарихындағы белесті күндердің бірі.
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өткізіледі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар келіп түсуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Қытай басшысы Қазақстан Президентінің тәуелсіздікті нығайтуға және Қазақстанның орнықты дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтып, «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларының өзара толықтырушы сипатын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерге қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды. Соңында Си Цзиньпин Қазақстан Президентін биыл Қытайға сапарлап келуге шақырды. Телефон арқылы сөйлесуге Қытай жағы бастамашы болды. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Түрік Республикасының Президенті Реджеп Ердоғаннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Реджеп Ердоған түрік халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. – Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған бастамаларын табысты жалғастыратынына сенімдімін. Біздің елдеріміздің арасындағы тілдік, мәдени және тарихи байланыстардың ортақтығына негізделген стратегиялық серіктестік бұдан әрі де халықтарымыздың игілігі үшін, сондай-ақ, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін дами беретініне тағы да сенім білдіремін, – деп атап өтілген жеделхатта. Сонымен қатар, Реджеп Ердоған таяуда Қазақстанға жасаған сапары кезіндегі жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірген. Соңында Түркия Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, бақыт, табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Наджиб Тун Разак Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы тарихи жеңісімен құттықтады. Әңгіме барысында екі елдің басшылары саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар екі мемлекеттің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті. Телефонмен сөйлесуге Малайзия тарапы бастамашылық етті. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевтен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Дмитрий Медведев Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. – Сайлаудағы айқын жеңіс Сіз жүргізіп отырған стратегиялық бағытты Қазақстан халқының кең қолдауына негізделгенін көрсетті. Сіздің басшылығыңызбен республика әлеуметтік-экономикалық даму және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытында алға ілгерілеуін жалғастыратынына сенімдімін, – делінген жеделхатта. Ресей Премьер-министрі қазақстандық серіктестерімен кооперациялық байланыстарды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ықпалдастықты жандандыруға әзір екенін білдірді. – Біз Сіздің Ресей мен Қазақстанды біріктіретін достықты, тату көршілік пен серіктестікті нығайтуға, түрлі салалардағы ауқымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлесіңізді бағалаймыз, – деп атап өтілген жеделхатта. Соңында Дмитрий Медведев Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.